1957 жылы Үкіметтің қаулысына сай шалғай ауылдық жердегі малшы балаларының білім алып тәрбиеленуі үшін 1957 жылы ауданда алғашқы Сафон мектеп-интернаты ашылды.

Жаңадан ашылған мектеп-интернаттың материалдық базасын жасақтау, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру, балалардың оқитын, жататын орындарының тазалығы мен жылылығын, киетін киімі мен ішетін тамағымен қамту сияқты күрделі жұмыстарды атқару керек болды. Аудан басшылары осындай жауапты жұмысқа, Сафон мектеп-интернатының директорлығына Бисултанов Махмудты, оқу ісінің меңгерушілігіне  Нигметов Жалелді тағайындады. Бұл адамдар Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы офицерлер болатын және өзіндік ерекшелігі бар мектеп-интернат жұмысының ауданымызда негізін салушылар ретінде  өздеріне шанып тапсырылған жұмысты мүлтіксіз орындады.

Кадрлар даярлауда да Сафон мектеп-интернатының жұмысын ерекше атауға болады. Атап айтқанда: Бисултанов Махмуд аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі, аймақтық партия хатшысы, Нигметов Жалел-  аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитетінің хатшысы, директор, Рахметов Мұратқали- Ленин мектебінің директоры, Гумарова Настя-Алтынсарин мектебінің директоры, Мукушев Газиз- Ф.Энгельс мектебінің директоры, Шамшиденов Жасталап- Калинин, Ф.Энгельс мектептерінің директоры,  Расбеков Таубалды- аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Киров совхозында рабочком, Иманов Гани- Ф.Энгельс мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, Сналбеков Жұмағазы- Шортанбай мектебінің директоры, Бақтыгереев Меңдіхан- аудандық білім беру бөлімінің мектеп-инспекторы, әдіскер, Еңбекші, Б.Бегалиев атындағы мектептерінің директоры, Шарипов Нәжімеден- Д.Нұрпейісова атындағы мектебінің директоры, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының кабинет меңгерушісі, Ильясов Өтеп-Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданында аудандық білім беру бөлімінің инспекторы, мектеп директоры, Қабденов Ғарифолла- мектеп-интернат директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, Миянов Ынтымақ- Каспий мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Мектеп-интернатында еңбек еткен ұстаздар Сағадаев Абдрахман  Ұлы Отан соғысының ардагері,  Мусин Тұрарбек, Боханова Дара, Есқалиева Сауия, Елемесова Галя, Хамзина Мниуара, Баязова Нәсіп, Сарсекеева Шалттық, Шайхеева Гүлшат, Қожантаева Алма, Рақымжанова Ғибадат, Өтешова Тәрбие, Мұханбетов Сұлтанбек, Галимов Құспан т.б.

1972-1973 оқу жылы Ганюшкин ауылында үш кабатты типтік жобамен салынған мектеп-интернат ғимаратының берілуіне байланысты Сафон және Ганюшкин мектеп-интернаты қосылды.

Аудандағы іргелі білім ордаларының бірі – Ганюшкин мектеп-жатақханасы. Ол 1962 жылы – шалғай елді мекендердің балаларына білім мен тәрбие беру мақсатында ашылды. Алғашында Ломоносов атындағы орта мектептің «Спутник» деп аталатын қосымша салынған ғимаратта орналасқан 6 сыныпта 180 оқушы білім алып, тәрбиеленді. Жатақхана қазіргі балалар кітапханасы, бұрынғы Д.Нұрпейісова атындағы өнер мектебінде орналасқан. Оны жұрт «Қарағай жатақ» деп атады. Бұл ғимаратты кезінде орыс-қазақ мектебіне Мақаш әкім ХІХ ғасырдың аяғында салдыртты деген мәліметтер бар.

Мектептің алғашқы директоры Қайрат Сыдықов, оқу ісінің мегерушісі Тағанқожа Өтегенов болды. Алғашқы ұстаздар қатарында Жәнипа Ханафина, Қисым Ғұмаров, Иса Қараменов, Тәбия Ғимыранова, Ғазиз Бердешев, Өтешқали Сидағалиев, Тәнзила Әлжанов, Қазира Бисұлтанова, Ұлмекен Есенғалиева, Жауһартас (Жауын) Әшенова, Маруся Жолмұханова, Майра Ғилаева, Қазақстан Айтбаева, Сәуия Есқалиева, Қансұлу Қуанышбаева, сол сияқты қосалқы техникалық қызметтерде болған қойма меңгерушілері Зайра Ізжанова, Ақон Кенжебаев, аспаз Мағмура Юсупова (Сталинградты қалпына келтіруге қатысқан), есепші Валентина Решетникова, кассир Екатерина Кулагина, түнгі бала күтуші Гүлсім Наушабаева, дәрігерлер Мария Возлинская, Вера Харкина, кір жуушы Шәмшия Сыдықовалар ауыл балаларының алаңсыз оқуына мейлінше өз үлестерін қосты.

Эксперименталды сыныптарда Мәру Сапарова, Рахметолла Меңдіғалиевтер жемісті еңбек етті.

1964-1965 оқу жылында сабақ үлгерімі 100 пайыз болды. Жастарды спортқа, дене шынықтыруға баулып, олардың шымыр да ширақ болып өсуіне дене тәрбиесінің мұғалімі Жасталап Ғилаев жұмыстанса, кейінірек бұл салада Өтеулі Шарафиденов, Алпамыс Юсуповтар еңбек етті.

1972-1973 оқу жылында Сафон және Ганюшкин мектеп-интернаттары облыстық атқару комитетінің 1972 жылғы 28 қарашадағы №493 қарарымен біріктіріліп, 16 сыныптағы 540 тәрбиеленушіге 3 қабатты ғимарат есігін айқара ашты. Сол жылы мектепке Меңдіхан Бақтыгереев, Шаттық Сәрсекеева, Тұрарбек Мусин, Әбдірахман Сағадаев, Дара Боқанова, Нурия Ягудина сияқты ұстаздар жұмысқа келді.

Сексенінші жылдары белсенді еңбек еткен ұстаздар қатарында бұрынғы мұғалімдермен бірге Пина, Рая Серікқалиевалар, Жаннат Құрманғалиева, Қуанбай Бимағанова, Роза Ниғыметова, Сәуия Есқалиева, Мубина Әженова, Макизат Сәрсенова және басқалары нәтижелі еңбек етті. Кейінірек ұстаздар қауымы жас толқын Өтепберген Шарафеденов, Гүлмара Бермұханова, Алмагүл Сидеғалиева, Гүлбану Миянова, Ертөстік Қаменов, Рахметолла Шарафиденов, Клара Керешова, Тоты Бақтыгереевалармен толықты. Оқушылармен түрлі тәрбиелік-танымдық шаралар өткізіп, олардың дүниетанымын кеңейткен, өмірге өзіндік көзқарас қалыптастырған тәлімгерлердің де еңбегі зор деп айтуға болады.  

Олар 60-80-жылдары осы қызметте болған Бақытжамал Ғизатова, Зура Сахманова, Қарлыға Сахипова, Сәуле Тілепова, С.Тарихова, Злиха Дүйсекенова, Клара Оразалина және басқалары еді. К.Оразалина жемісті еңбегінің нәтижесінде ВЛКСМ-ның ХІХ съезіне делегат болып қатысып, съезде ауданымыздың абыройын асқақтатты.

Мектеп-жатақханада балалар тек білім алып, тәрбиеленіп қоймай, қолөнер мен ағаш бұйымдарымен жұмыс жасауға, егін егуге де мейлінше машықтанды. Бұл орайда оларға тәжірибелі ұстаздар Қуанбай Бимағанова, Раушан Жайықова, Руслан Сахаев, Әлина Құлбаевалар дәріс берді. Ұстаздар мен шәкірттер арасында 80-жылдарда белсенділігімен көзге түскен мектеп директорының орынбасарлары Ербол Ибрагимов пен Клара Досмановалар да мектеп өмірінде өзіндік қолтаңба қалдырды. 90-жылдардың басында тәрбие жұмысының басы-қасында Гүлжиян Хасанова жүріп, «Ұландар», «Мирас», «Мұрагер» бағдарламалары бойынша түрлі шаралар ұйымдастырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Қымбат Рахметова, Тоты Бақтыгереева, Бибігүл Иманғазиева, Ертөстік Қаменов, Гүлмара Бермұқанова, Бөпина Қайыржановалардың тәжірибесі мақұлданып, олар жастарды отаншылдық, ұлтжанды рухқа баулуға үлес қосты. Балаларды білім бұлағынан сусындатуға өзіндік үлесті мектеп кітапханашысы Зура Өтешова да қосты. Әр жылдары мектептегі қоғамдық ұйымдарға жетекшілік жасаған ондаған ұстаздар ұжымның ұйымшыл, бірауыз да беделді болуына мейлінше ықпал етті. Олар партия, кәсіподақ ұйымдары, халықтық бақылау тобының жетекшілері Қайырболат Арыстанов, Айгүл Нұрмұханова, Рахметолла Ізтелеуов, Фазила Қаттыбаева, Роза Құрманбаева, Сәбила Галиева, Гүлбану Миянова, Гүлжиян Хасанова, Гүлбаршын Санатова және басқалары еді.

1993 жылы мектеп-жатақханасы аудан әкімі Әнес Бисеновтің 26 шілдедегі №243 қаулысымен Ганюшкин ауылдық гимназиясы болып қайта құрылды. Директордың орынбасарлары болып сол кездерде Гүлфара Құбаева және Мүлкат Шапхатова жұмыс жасады.

Зоя Ерғалиева, Жанна Сағадаева, Света Сахаева, Гүлзада Ниетқалиева, Гүлбаршын Санатова, Қымбат Рахметова, Роза Салауатова, Есенғұл Қаражанов, Үзілдік Жүнісова, Гүлнар Сариева, Милана Боқановалардың тәжірибелері аудан мектептеріне таратылды.

Ондаған ұстаз педоқуларда, облыстық байқауларда жеңімпаз, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Мектеп шәкірттерінің ішінде бұл кезде есімдері ауданға кеңінен танымал ондаған, жүздеген түлектер бар. Кейбіреулерін атап өтсек, Назым Айтжанова, Маркс Сатқанов – заңгерлер, Шұғай Теміржанов – кеңшар директоры, Өтепберген Әлімгереев – жазушы, журналист, академик, Назира Ғұмарова – қаржыгер, Болат Нұрғазиев – байланыс қызметкері, Төлеген Нұғыманова, Ермек Хафизова, Сағындық Қизатова – дәрігерлер, Қиқаят Есжанова, Людмила Дүйсенова, Мұратқали Оразов – ұстаздар, Махамбет Мағзомов, Жұмабай Хамитов – механизаторлар, еңбек озаттары, аудан чемпиондары атанды.

Мектеп түлегі Арай Мусағалиева тарих ғылымының кандидаты атанып, қазір жоғары оқу орнында абақ береді.

1993 жылы Балауса Халелова, Жанна Маннапова, 1995 жылы Гүлмаржан Хайырлиева, Гүлмира Қанатқалиева, Бақытжан Қабдешова, Сырымбет Сәрсенғалиева, 1996 жылы Айгүл Ахметжанова, Марина Құттыбаева, Мәншүк Ғазизова, Айжамал Арыстанова, Райхан Бисенова, Ақәділ Зайнеденовтер мектепті ерекше аттестатпен бітірді. Сол сияқты Бибігүл Жолғалиева, Зоя Жағыпарова, Ботагөз Әлімбаева, Кәкімжан Мырзағалиев, Гаухар Әжмеденова, Ғалия Жағыпарова және басқалары аудандық, облыстық олимпиада, байқауларда топ жарып, республикалық байқауларға қатысты.

2008 жылы «Жұлдыз-ай» фестивалінде облыста үздік атанған Нұрбол Зейноллаев республикада топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. 2010 жылы Райса Жұбатқанова мен Ақырыс Әлімғалиевалар үздік куәлікке ие болды. Ұстаздар Айгүл Нұрмұханбетова мен Тоты Бақтыгереева оқулық авторлары атанып, зияткерлік нәтижеге қол жеткізді.